Әлемдік Гран-при сериясының таеквондо және пара таеквондодан финалдары 27–29 қарашада Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді. G-10 санатындағы жарыс Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылады.
Турнирге Олимпиада, әлем және Азия чемпиондары қатысады. Спортшылар медальдармен қатар Лос-Анджелес Олимпиадасына іріктеуге қажет рейтинг ұпайларын сарапқа салады. Астанадағы финалға 128 таеквондошы қатысып, олимпиадалық сегіз салмақ дәрежесінде сынға түседі. Жеңімпаз 100, күміс жүлдегер 60, қола жүлдегерлер 36 ұпайдан алады.
Астанада Париж Олимпиадасының чемпиондары Пак Тэ Джун және Ким Ю Джин (Оңтүстік Корея), Ариан Салими (Иран), сондай-ақ Токио Олимпиадасының чемпионы Вито Делль’Акуила (Италия) өнер көрсетеді. Бразилиялық әлем чемпионы Мария Клара Пачеко да финалға қатысады. Ол биыл Рим, Муджу және Париждегі Гран-при кезеңдерінің үшеуінде де жеңіске жеткен.
Қазақстан құрамасына Батырхан Төлеғали (-80 кг), Темірлан Тлеулес (-58 кг), Мария Севостьянова (-57 кг) және Рита Бакишева (-49 кг) кіреді. Севостьянова Париж кезеңінде қола медаль алған. Муджу кезеңінде Айдана Кумартаева да қола жүлдеге ие болды.
Пара таеквондодан жарыс 27 қарашада басталады. Оған шамамен 70 спортшы қатысады деп күтілуде: олар K44 спорттық класында он салмақ дәрежесі бойынша медальдар мен Лос-Анджелес Паралимпиадасына іріктеу ұпайларын сарапқа салады.
Қазақстан атынан пара таеквондодан ерлер арасында Нышанбек Ақтілеуов (-58 кг), Айбек Жұманғали (-63 кг), Дінмұхаммед Асқар (-70 кг) және Нұрлан Домбаев (-80 кг) өнер көрсетеді. Әйелдер арасында Милана Красавцева (-52 кг), Камиля Досмалова (-57 кг) және Марьям Салимгереева (-65 кг) қатысады.
Пара таеквондодан финал 27 қарашада өтеді, жекпе-жектер 09:00-де басталады. 28 қарашада таеквондодан ерлер арасында -68 және -80 кг, әйелдер арасында -49, -57 және +67 кг салмақ дәрежелерінде сайыстар өтеді. 29 қарашада ерлер -58 және +80 кг, әйелдер -67 кг салмақ дәрежелерінде белдеседі.
28 қарашада алдын ала кездесулер мен ширек финал 09:00–13:00, жартылай финал 15:00–16:00, финал 16:00–19:00 аралығында өтеді. 29 қарашада алдын ала кезең мен ширек финал 09:00–12:00, жартылай финал 13:00–14:00, финал 14:00–16:00 аралығына жоспарланған. Ашылу салтанаты 27 қарашада өтеді.