Ұлыбританияда жасалған Titania әскери спутнигі орбитаға сәтті шығарылды. Ол елдің Қарулы күштеріне Жердегі әскери әрекеттерді ғарыштан бақылауға көмектеседі.
Titania өткен айда ұшырылды. Ол Ұлыбританияның әскери спутниктер тобына қосылған екінші аппарат болды. Бірінші Tyche спутнигі қазанда орбитаға шыққан. Titania-ны ISTARI бағдарламасы аясында Ұлыбританияның Ғарыш қолбасшылығы басқарады.
Салмағы шамамен 100 келі болатын спутник Жерді әр 90 минут сайын айналып шығады. Оның жылдамдығы — сағатына 27 мың шақырым.
Қорғаныс министрлігі Project Inaros жобасы аясында ғарыштағы қозғалысты бақылайтын үш нейроморфтық жерүсті сенсорын сынақтан өткізеді. Олар Ұлыбританиядағы, Австралиядағы және Кипр аралындағы британдық нысандарда орнатылады.
Сенсорлар жарықтың өзгерісін анықтау арқылы ғарыштағы қозғалысты бақылауға арналған. Жиналған ақпарат Ұлыбританияның әскери спутниктеріне төнетін ықтимал қауіпті ертерек байқауға көмектесуі мүмкін.
Titania мен Inaros жобалары алдағы төрт жылда ғарыштық мүмкіндіктерді дамытуға бөлінген 3 миллиард фунт стерлингтен астам қорғаныс инвестициясының бір бөлігі. Спутникті Гэмпшир графтығында Defence Science and Technology Laboratory мен BAE Systems серіктестігі жасаған. Жоба құны — 9,5 миллион фунт стерлинг.