Pitch Competition технологиялық жобалар байқауының финалы 5 қарашада Алматыдағы Defense Tech Hub алаңында өтті. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған сайысқа елдің әртүрлі қалаларынан 14 команда қатысты. Байқауға 100-ден астам өтінім түскен.
Қатысушылар ұшқышсыз жүйелер, жасанды интеллект, инфрақұрылымды қорғау және мамандарды даярлау салаларындағы әзірлемелерін ұсынды. Жүлде қоры 2 млн теңгені құрады.
Бірінші орынды маңызды инфрақұрылым нысандарын әуе қатерлерінен қорғауға арналған ұшқышсыз аппараттарды автономды басқару модульдерін жасаған команда иеленді. Екінші орын ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторларын даярлауға арналған виртуалды тренажер жобасына берілді.
Үшінші орын зымыран жүйелерін әзірлеу, өндіру және сынау үшін отандық технологиялық база құру жобасына бұйырды. Ақшалай жүлделерден бөлек, жеңімпаздарға Almaty FabLab зертханасына қолжетімділік берілді. Үшінші орын алған команда Defense Tech Hub алаңында алты айға екі жұмыс орнын алды.
«Қазақстан ГИС орталығы» АҚ басқарушы директоры әрі DefenseTech кураторы Нұркен Ержановтың айтуынша, байқау әзірлеушілерге ұсынылған технологияларды тәжірибеде қолдану және оларды одан әрі сынау шарттарын салалық мамандармен талқылауға мүмкіндік берді.
Байқау аясында технологиялық әзірлемелер көрмесі де өтті. Көрмеде аумақтарды патрульдеуге арналған автономды дрондар, жасанды интеллекті бар дрон-ұстағыштар, компьютерлік көру жүйелері, ұшқышсыз аппараттарға қарсы іс-қимыл тренажерлері, роботтандырылған платформалар және персоналды оқытуға арналған цифрлық шешімдер көрсетілді.