Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ұсталуына байланысты мәлімдеме жасады.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл – мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсететін аса күрделі жағдай. Заң бойынша тергеу мәселелерін жариялауға болмайды, оның үстіне тергеу енді басталды. Алайда бұл «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы Конституцияда мемлекеттік басқарудың басты қағидаты ретінде бекітілгелі бері мемлекеттік компаниялардағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты алғашқы ірі іс екені анық.
Президент 15 наурызда жалпыұлттық референдумда қабылданып, 1 шілдеде күшіне енген Конституция әділетті түрде «Халық Конституциясы» деп аталғанын атап өтті. «Конституция – мемлекетіміздің негізгі заңы, бұл – халқымыздың құқықтық төлқұжаты. Сондықтан Конституцияны күлкі қылу, оның негізгі ережелерін менсінбеу халқымызды кемсітумен бірдей», – деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» қоры еліміздің стратегиялық активтерін басқаратынын, ірі шетелдік компаниялармен және халықаралық қаржы институттарымен жұмыс істейтінін, ал әр келісімнің артында Қазақстанның міндеттемелері мен халықаралық қауымдастықтың сенімі тұрғанын еске салды.
Мемлекет басшысы статистика келтірді: 2023–2025 жылдары 3 168 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы анықталған, оның 2 165-ін мемлекеттік қызметшілер жасаған, қалғанын өзге тұлғалар, соның ішінде квазимемлекеттік сектор қызметшілері жасаған. Жалпы сомасы 248 миллиард теңгеден асады. Биылғы он айда 751 құқық бұзушылық тіркелген, оның 546-сы мемлекеттік қызметшілерге тиесілі.
«Осы статистикадан көріп отырғанымыздай, еліміздегі сыбайлас жемқорлық ахуалы күрделі болып тұр. Бірақ біз ешнәрсені де жасырмаймыз», – деді Президент. Түрлі деңгейдегі басшылардың құқық бұзушылықтарын ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметі Бас прокуратурамен бірге жедел тексереді, «өзіміздікі» және «бөтен» деп бөлуге жол берілмейді.
«Қоғамымызда атқаратын лауазымына, сіңірген еңбегіне не болмаса тамыр-таныстарына, соның ішінде туыстық байланыстарына қарамастан, ешкім де заңнан аттап кете алмайды. Бұл – мен үшін мызғымайтын, яғни өзгермейтін ұстаным», – деп атап өтті Мемлекет басшысы. Ол соңғы кезде қате қол қойылған кейбір келісімдер мен шарттар қайта қаралғанын айтты.
Сонымен бірге Президент биліктің кәсіпкерлерге кедергі жасайтын ниеті жоқ екенін жеткізді: келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын кәсіпкерлікті тексеруге тағы бір үш жылдық мораторий жарияланады.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен мемлекеттік компаниялардың, соның ішінде «Қазақстан темір жолының» жұмысы тоқтамайтынын, қалыпты тәртіппен жүріп жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, жемқорлыққа қарсы күрес инвесторлар мен несие берушілердің қорға деген сенімін арттырады.
Президент Бас прокуратура 1,3 триллион теңгеден астам заңсыз иемденген активті қайтарғанын еске салды. Бұл қаражат 466 әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанның құрылысына жұмсалды, оның 383-і салынып бітті. Мемлекет басшысы нысандардың, әсіресе жолдардың сапасын тексеруге негіз бар екенін айтты.
Үкімет пен бақылаушы органдарға 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын барынша азайту және квазимемлекеттік сектор жұмысын жақсарту жөнінде нақты ұсыныстар беру тапсырылды. Мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуын арнайы мемлекеттік комиссия қадағалайды, оның құрамы келесі аптаның басында жарияланады.
«Әрине, бұл жол оңай болмайды. Халқымыз «Жол мұраты – жету» деп бекер айтпаған», – деді Мемлекет басшысы.