Еуразиялық даму банкі (ЕАӨБ) 10 қарашада Абу-Дабиде EDB Investor Day шарасын өткізіп, оған Парсы шығанағы және Орталық Азия елдерінен 80-нен астам инвестор, мемлекеттік органдардың, халықаралық қаржы институттарының және іскер топтардың өкілдері қатысты. Банк өңірдің экономикалық әлеуетін, перспективалы жобаларды және халықаралық капитал тартуға арналған қаржы құралдарын таныстырды.
Іс-шара ЕАӨБ-тің 2027–2031 жылдарға арналған жаңа стратегиясын іске асыру қадамдарының бірі болды. Стратегияның басымдықтарының қатарында Орталық Азия мен Парсы шығанағы елдері арасында көлік және логистика, энергетика, жоғары қосылған құны бар өнеркәсіп және басқа да стратегиялық салалардағы жобаларға халықаралық инвесторларды байланыстыратын «инвестициялық хайвей» құру бар.
Шара аясында ЕАӨБ-тің Abu Dhabi Global Market (ADGM) халықаралық қаржы орталығындағы өкілдігінің ашылу рәсімі өтті. Оған БАӘ қаржы министрінің орынбасары Юнис Хаджи Аль-Хури және ЕАӨБ басқарма төрағасы Николай Подгузов қатысты. Өкілдік халықаралық капиталды Еуразияға тартуға бағытталған инвестициялық қорлар экожүйесін дамытуға арналған операциялық алаң болады. Оның құрамына Орталық Азия және Кавказ тікелей инвестициялар қоры (CACPEF), Орталық Азияны дамыту инвестициялық қоры (CADIF) және Altaira тікелей инвестициялар қоры кіреді.