Еуразиялық даму банкі (ЕАБР) 10 қарашада Абу-Дабиде EDB Investor Day өткізіп, Орталық Азияның экономикалық әлеуетін және инвестициялық жобаларын таныстырды. Іс-шараға Парсы шығанағы және Орталық Азия елдерінен 80-нен астам инвестор, мемлекеттік органдардың, халықаралық қаржы институттарының және бизнес өкілдері қатысты.
Шара аясында ЕАБР-дың Абу-Даби жаһандық нарығы (ADGM) халықаралық қаржы орталығындағы өкілдігі ашылды. Өкілдік банк қорларының экожүйесін дамытуға және Еуразия жобаларына халықаралық капитал тартуға бағытталған. Жоспарға Орталық Азия және Кавказ тікелей инвестициялар қоры (CACPEF), Орталық Азияны дамыту инвестициялық қоры (CADIF) және Altaira Private Equity Fund кіреді.
EDB Investor Day барысында ЕАБР Қазақстандағы инвестициялық жобаларды бірлесіп қаржыландыруды кеңейту мақсатында Еуразиялық банкпен, Bank CenterCredit-пен және ForteBank-пен келісімдерге қол қойды. Сондай-ақ БАӘ-нің ACM LIMITED компаниясымен капитал нарықтары, құрылымдық қаржыландыру және активтерді басқару бойынша меморандум жасалды.