Қаржылық мониторинг агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті Қазақстан азаматы, 1954 жылғы 18 наурызда туған Григорий Отарович Лорияны мемлекетаралық іздеуге жариялады. Ол «Қызыл-Жар СҚ» футбол клубының бұрынғы президенті болған.
Лория 414 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген күдікке ілінді.
2023 жылы футбол клубының қызметін қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 1,7 миллиард теңге бөлінген.
Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті бас бухгалтермен және басқа адамдармен сөз байласып, жалған қаржылық құжаттарды пайдаланған. Сондай-ақ ақша қаражатын жеке шоттарға негізсіз аударуды ұйымдастырып, бухгалтерлік және салық есептілігіне көрінеу жалған мәліметтер енгізуді қамтамасыз еткен.
Атап айтқанда, салық декларацияларында қызметкерлердің кірісі, еңбекақы қоры және ұйымның жиынтық жылдық кірісі төмендетіліп көрсетілген.
Іздеудегі адамның қайда екені туралы ақпарат болса, Қаржылық мониторинг агенттігіне +7 7172 70 84 78 нөмірі бойынша хабарласуды сұрайды. Call-center: 1458.