Әзербайжан астанасы Бакуде ерлер арасындағы XXI және әйелдер арасындағы XII әлем чемпионатының соңғы күні өтті. Жарыс бағдарламасындағы қорытынды сайыс «Жауынгерлік қанат жаю» болды.
Ерлер арасындағы сайыста Қазақстан құрамасы 24,52 секунд нәтижесімен алтын медаль жеңіп алып, әлемдік рекорд орнатты. Моңғолия құрамасы 25,08 секундпен екінші, Өзбекстан құрамасы 25,45 секундпен үшінші орын алды.
Қазақстанның ерлер құрамасы сапында Ансар Шамшоллаев, Назарбек Ануарбеков, Абай Қонысбаев, Дінмұхамед Абильбаев, Петр Подгородецкий, Дмитрий Савон және Ильдар Избасаров өнер көрсетті.
Әйелдер арасындағы сайыста Қазақстан құрамасы 25,41 секунд нәтижесімен үшінші орынға ие болды. Ресей құрамасы 23,79 секундпен бірінші орын алып, әлемдік рекорд орнатты, Беларусь құрамасы 23,92 секундпен екінші болды.
Қазақстанның әйелдер құрамасы сапында Алла Серикханова, Айдана Байтикова, Ситора Реджеметова, Оксана Дзолба, Регина Аленина, Кристина Подгородецкая және Валентина Салмина өнер көрсетті.
Төрт күндік чемпионат қорытындысы бойынша Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамалары жалпы командалық есепте де үшінші орын алды. Екі есепте де Ресей бірінші, Беларусь екінші болды.