Қырғызстан омбудсменінің орынбасары Айчүрөк Назаралиева Пәкістанның Лахор қаласында өткен халықаралық конференцияда сөз сөйледі.
Пенджаб провинциясы омбудсмені кеңсесінің құрылғанына 30 жыл толуына арналған жиын «Омбудсмен институттарының есептілікті, мемлекеттік басқаруды және азаматтардың құқықтарын қорғауды нығайтудағы рөлі» тақырыбында өтті.
Қатысушылар омбудсмен институттарын цифрлық трансформациялау мәселелерін талқылап, адам құқықтарын қорғау саласындағы институционалдық тәжірибелерімен бөлісті.
Назаралиева баяндамасында Ақыйкатчы институтының конституциялық-құқықтық мәртебесі, негізгі қызмет бағыттары және 2025–2026 жылдардағы жұмыс нәтижелері туралы айтты. Ол азаматтардың өтініштерін қарау, мониторинг пен инспекция жүргізу, мемлекеттік органдарға әрекет ету актілерін жолдау және халықтың құқықтық сауатын арттыру жұмыстарына тоқталды.
Сондай-ақ нормативтік құқықтық актілер жобаларына құқықтық сараптама жасау, адам құқықтарын сақтау бойынша жүйелі мәселелерді зерттеу және халықаралық ынтымақтастық туралы айтылды. Түркия, Ресей, Өзбекстан және Қазақстан омбудсмендерімен азаматтардың өзге елдердегі құқықтарын қорғау мәселелері бойынша жедел ақпарат алмасу мысал ретінде келтірілді.
Конференцияға әлемнің 19 елінен өкілдер қатысты.