Германия кеден қызметі үш апта бұрын Кельн/Бонн әуежайында Мексикадан келген 45 жастағы өрт сөндірушінің чемоданын тексеріп, 37 тірі улы жылан мен 55 кесіртке тапты.
Жолаушы Мехикодан Ыстанбұл арқылы Кельнге ұшып келген. Ол кеденнің жасыл дәлізінен өтпек болғанда, қызметкерлер оның жүгін тексерді. Алақанына жасалған есірткіге арналған экспресс-тест кокаин барын көрсетті, бірақ жолаушының өзінен де, жүгінен де есірткі табылмады.
Кеден қызметкерлері жануарларды сусабын және крем құтыларына, пластик ыдыстарға және шұлықтардың арасына жасырылған күйде тапқан. Жолаушы оларды Германияға демалысқа бара жатқанда бразилиялық танысының өтінішімен алып келгенін айтқан, бірақ бауырымен жорғалаушылардың түрін атай алмаған.