Қосшы қаласында қалалық прокуратураның жаңа ғимараты ашылды. Іс-шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты.
Екі қабатты, цокольді қабаты бар ғимаратта қызметтік кабинеттер, азаматтарды қабылдау бөлмесі, конференц-зал және қосалқы бөлмелер қарастырылған. Жұмыс орындары жиһазбен және кеңсе техникасымен жабдықталған.
Облыс әкіміне прокуратура жұмысына енгізілген цифрлық шешімдер таныстырылды. Жасанды интеллект көмекшісі азаматтарға қабылдауға жазылуға, өтініштерінің қаралу барысын бақылауға және қажетті ақпарат алуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ алты бағытты қамтитын цифрлық қадағалау бағдарламасы көрсетілді. Ол пробациялық бақылау, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, азаматтарды құжаттандыру, еңбек заңнамасын сақтау және жол қауіпсіздігі салаларын қамтиды.
Қалада құқық бұзушылықтың алдын алуға, оқиғаларға жедел ден қоюға және қылмыстарды ашуға көмектесетін 1 440 бейнебақылау камерасы орнатылған. Прокуратура қызметкерлерінің айтуынша, камераларды енгізу құқық бұзушылық деңгейінің төмендеуіне ықпал еткен факторлардың бірі болды.
Марат Ахметжанов цифрлық қадағалау бағдарламасы бірыңғай дерекқор арқылы ахуалды бағалауға және басқару жүйесінің жұмысын тұтас көруге мүмкіндік беретінін айтты. Іс-шара соңында қатысушылар жаңа ғимарат аумағына ағаш отырғызды.