«Ордабасы» футбол клубы тарихында алғаш рет бір маусымда Қазақстан чемпионы атанып, ел Кубогын жеңіп алды. Шымкентте команданың тарихи жетістігіне арналған мерекелік кеш өтті.
Астана алаңындағы шараға мыңдаған жанкүйер, қала тұрғындары және қонақтар жиналды. Оған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, футболшыларды, жаттықтырушылар штабын және жанкүйерлерді құттықтады.
Кештің басты бөлігі футболшылар мен жаттықтырушыларды марапаттау рәсімі болды. Ойыншыларға Қазақстан чемпионатының алтын медальдары табысталып, командаға чемпиондық кубок берілді.
«Ордабасы» 25 қазанда Қазақстан Премьер-лигасында бірінші орынды мерзімінен бұрын қамтамасыз етті. Чемпионатты команда 68 ұпаймен аяқтады: 30 матчта 21 рет жеңіске жетті.
Бұл — клуб тарихындағы екінші чемпиондық. Шымкенттіктер алғаш рет ұлттық біріншілікте 2023 жылы топ жарған. 7 қарашада «Түркістан Арена» стадионында өткен Қазақстан Кубогының финалында «Ордабасы» қызылордалық «Қайсарды» 4:1 есебімен жеңді.
Клуб Қазақстан Кубогын үшінші рет иеленді: бұған дейін 2011 және 2022 жылдары жеңімпаз болған. «Ордабасы» 2012 жылы Қазақстан Суперкубогын да жеңіп алған. Келесі маусымда команда УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде Қазақстан атынан өнер көрсету құқығына ие болды.
Шымкент клубының тарихы 1976 жылы құрылған «Мелиоратор» командасынан басталады. Қазіргі «Ордабасы» клубы 2003 жылы құрылған. Тарихи жетістігіне орай Шымкентте өткен мерекелік кеште танымал өнерпаздар да өнер көрсетті.