Бокстан Қазақстан чемпионаты Таразда 30 қазанда басталды және 6 қарашаға дейін жалғасады. Ел біріншілігі Жамбыл облысында 12 жылдан кейін қайта ұйымдастырылып отыр.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашукеев чемпионатқа қатысып жатқан халықаралық санаттағы төрешілермен және Қазақстан ұлттық құрамасының жаттықтырушыларымен кездесті.
Кездесуде облыс басшысы жарыстың өңірде өтуі боксқа қызығушылықты арттырып, жас спортшылардың кәсіби дамуына мүмкіндік беретінін айтты. Оның сөзінше, өңірде 157 жаттықтырушы 4 129 спортшыны дайындап жүр.
Қарашукеев Жамбыл өңірінен шыққан Олимпиада чемпиондары Ермахан Ибраимов пен Бақтияр Артаевты, Олимпиада күміс жүлдегерлері Серік Қонақбаев пен Болат Жұмаділовті және қола жүлдегер Болат Ниязымбетовті атап өтті. Сондай-ақ ол қазіргі буын өкілдері Бексұлтан Боранбек, Бибарыс Жексен, Диас Молжигитов, Айгерім Сәттібаева, Виктория Байдукова және Жібек Жарасқызын атады.
Кездесуде төрешіліктің әділ болуы мәселесіне ерекше назар аударылды. Әкім чемпионат ұлттық құраманы жасақтаудағы маңызды кезең екенін айтып, барлық қатысушыға тең мүмкіндік берілуі керек екенін жеткізді.
Халықаралық санаттағы төрешілер мен ұлттық құраманың жаттықтырушылары чемпионаттың ұйымдастырылуын жоғары бағалады. Кездесу соңында Ербол Қарашукеев қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.