Оралдағы Депо көпірінде жол қозғалысы ережесінің бұзылғанын полицияның жедел басқару орталығының бейнекамералары тіркеді. Toyota Alphard маркалы екі көліктен екі жігіт люк арқылы шығып, артта келе жатқан көліктерді фото және видеоға түсірген. Олар үйлену тойы кортежінің құрамында болған.
Кешкі қарбалас уақытта көпір үстінде жастар көліктен белуарынан шығып қана қоймай, әсерлі кадр түсіру үшін сыртқа қатты еңкейіп, қолдарын созған. Полиция мұндай әрекет олардың және жолдағы басқа адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіргенін атап өтті.
Полицейлер көліктерді дереу тоқтатып, тексеру жүргізді. Екі машинаның да белгіленген тәртіппен тіркелмегені анықталды. Жүргізушілердің біреуі осындай әкімшілік құқық бұзушылықты қайталап жасаған.