Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Hyundai Motor Group делегациясымен кездесіп, қалада автономды мобильді роботтар мен көлікті басқарудың зияткерлік жүйелерін қолдану мүмкіндігін талқылады. Делегацияны компанияның болашақ стратегиясы департаментінің басшысы, атқарушы вице-президенті Хогын Чон және вице-президент Джэён Ли бастап келді.
Кездесуде қалалық инфрақұрылымға заманауи технологияларды енгізу мәселесі қаралды. Сатыбалды қалалық мобильділік пен логистика үшін Hyundai Motor Group компаниясының MobED роботтандырылған платформасын және басқа автономды шешімдерін пайдалануды ұсынды.
Тараптар жасанды интеллектіні көлік ағындарын басқаруға, логистикалық үдерістерді автоматтандыруға және электромобильдерге арналған қуаттау станциялары желісін дамытуға қолдану мүмкіндігін де талқылады.
Кездесуде автомобиль өндірісін одан әрі дамыту мәселесі де көтерілді. 2025 жылы Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan зауытында 52 мыңнан астам автомобиль шығарылып, кәсіпорында шамамен 1 700 жұмыс орны құрылған.
Әкімдік мәліметінше, 2026 жылғы қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары кезінде Алматыдағы жобалар бойынша жалпы сомасы шамамен 238,3 млн доллар болатын коммерциялық құжаттарға қол қойылған. Олар автомобиль өндірісін кеңейтуді, автокомпоненттер шығаруды жергіліктендіруді, көпсалалы клиника және Lotte қонақүйін салуды көздейді.
Кездесу қорытындысында тараптар ұсынылған жобалар бойынша жұмысты жалғастыруға келісті. Алматы әкімдігі Hyundai Motor Group компаниясының бейінді ұйымдармен және жергілікті серіктестермен өзара іс-қимылына жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.