Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында Қазақстанның халық әртісі Меруерт Өтекешеваның 75 жылдығына арналған «Қазақтың Қыз Жібегі» шығармашылық кеші өтті. Актриса «Қыз Жібек» фильміндегі басты рөлімен танымал. Іс-шара Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Мерейтойға орай әртістер, Өтекешева еңбек еткен әріптестері және шәкірттері қатысқан концерттік және театрлық бағдарлама әзірленді. Көрермендерге актрисаның өмірі мен шығармашылық жолы туралы деректі бейнеролик көрсетілді.
Кеш «Алатау» театры әртістерінің «Мереке-думан» хореографиялық композициясымен ашылды. Құләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері және «JAN» иммерсивті театрының актерлері театрландырылған қойылым ұсынды.