Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында «Қытай қазақтарының музыкалық мұрасы және қытай композиторлары» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті.
Кездесуге екі елдің музыка зерттеушілері, композиторлары, ғалымдары және орындаушылары қатысты. Олар Синьцзян қазақтарының музыкалық мәдениетін, Алтай, Тарбағатай және Іле өңірлерінің ән-күй дәстүрлерін, домбыра мен сыбызғыда орындау ерекшеліктерін талқылады.
Қатысушылар халық музыканттарының мұрасы мен қытай композиторларының шығармаларына да назар аударды. Сондай-ақ Синьцзян қазақтарының күйлеріне арналған «Қанат қақты» жинағы таныстырылды.
Кездесу аясында Алтай мен Тарбағатай күйлерін домбырада орындау және дәстүрлі сыбызғының үн ерекшеліктері бойынша шеберлік сабақтары өтті. Іс-шара Еркегали Рахмадиев атындағы Үлкен залдағы концертпен аяқталды.
Концертте «Қос қоңыр» фольклорлық ансамблі, домбырашылар ансамблі, консерваторияның студенттік ішекті квартеті мен халық аспаптары оркестрі және шақырылған орындаушылар өнер көрсетті.
Бағдарламада дәстүрлі күйлер, Қытай қазақтарының мұрасынан шығармалар және қытай композиторларының туындылары орындалды. Соңғы нөмірде Құрманғазының «Сарыарқа» күйі тартылды.
Кездесу зерттеу және орындаушылық тәжірибе алмасуға, музыкалық мұраны сақтауға және Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамытуға арналды.