«Астана Балет» сахнасында Владимир Яковлевтің хореографиясымен қойылған, Сергей Прокофьевтің музыкасына жазылған «Ромео мен Джульетта» балеті көрсетілді. Спектакльді театрдың симфониялық оркестрі дирижёр Элмар Бурибаевтың жетекшілігімен сүйемелдеді.
Ромео партияларын Сүндет Сұлтанов және Уэсли Карвальо, ал Джульетта партияларын Назерке Аймұхаметова және Камила Рахманберлиева орындады. Артистер тағдыры екі отбасының араздығына тәуелді болған жас ғашықтардың оқиғасын сахналады.
2017 жылы алғаш рет ұсынылған қойылым оқиғаның қарқынды өрбуімен және сахналық шешімінің ықшамдығымен ерекшеленеді. Негізгі назар кейіпкерлердің мінезі мен сезімін ашатын хореографияға аударылған.