Astana Hub құрылғанына сегіз жыл толды. Кластер осы кезеңде Қазақстан мен Орталық Еуразиядағы IT және жасанды интеллект салаларын дамыту орталықтарының біріне айналды. Қазір экожүйеге 2 700 компания кіреді, оның 560-ы шетелдік қатысуы бар компаниялар.
2019 жылдан бері экожүйеге қатысушылардың жиынтық кірісі $6,7 млрд болды, IT-қызметтер экспорты $2,4 млрд-қа жетті, ал стартаптар $2 млрд-тан астам инвестиция тартты. Бұл деректерді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдіев кластердің сегіз жылдығына арналған материалда келтірді.
Қазақстан бойынша кластер 20 өңірлік IT-хабты біріктіреді. Олар ашылғалы бері 5 200-ден астам іс-шара өткізіліп, оған 80 000 адам қатысқан; 700 стартап таныстырылған.
Astana Hub технологиялық кәсіпкерлікті қолдау және мамандар даярлау бағдарламаларын да іске асырады. Tech Orda бағдарламасы арқылы 133 IT-мектепте 11 410 адам оқыған, ал бағдарлама дерегінше, түлектердің 90%-ы жұмысқа орналасқан.
Кластердің білім беру бастамаларына жасөспірімдерге арналған TUMO Astana орталығы, Tomorrow School, ML School Kazakhstan және edu.astanahub.com онлайн-платформасы кіреді. Tomorrow School 2026 жылы желісін Қазақстанның 14 қаласына дейін кеңейтті.
2026 жылы Astana Hub хабтар мен стартаптарды қолдау бағдарламаларын, инвестициялық бастамаларды және халықаралық байланыстарды дамытуды жалғастырды. Кластердің дерегінше, оның Astana Hub Ventures қорының портфелінде 90-нан астам стартап бар.