30 қазанда Palacio Vistalegre спорт сарайында Димаш Құдайбергеннің Мадридтегі алғашқы жеке концерті өтті. Бұл 18 қазанда басталған DIMENSIONS әлемдік турының үшінші концерті болды. Арена маңына әлемнің түрлі елдерінен келген жанкүйерлер жиналды.
Концерт алдында әнші көрермендерге жылы ықыласы үшін алғыс айтып, жуырда Толедода болған қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты. Ол музыка адамдарды біріктіріп, жұбаныш сыйлай алатынына сенетінін жеткізді.
DIMENSIONS бағдарламасына турға арнайы әзірленген он жаңа композиция енген. Шоуда поп, рок, рэп, опералық вокал, фанк, диско және джаз элементтері үйлеседі. Әнші жаңа туындылардың басым бөлігін өзі жазған.