Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған және Украина президенті Володимир Зеленский Ыстанбұлдағы Долмабахче жұмыс кеңсесінде келіссөз жүргізіп, кейін бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді. Ердоған Украина мен Ресей арасындағы Түркия қабылдаған келіссөздер дипломатияның нақты нәтижеге жеткізе алатынын көрсеткенін айтты.
«Әділ бейбітшілікте жеңілген тарап болмайды. Бейбітшілікке жол ашу үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауға дайынбыз», — деді Түркия президенті. Оның айтуынша, тараптар Украинадағы бейбітшілікке қатысты соңғы күш-жігерді және Қара теңіздегі қауіпсіздік ахуалын талқылаған.
Ердоған Қара теңіздегі кеме қатынасы қауіпсіздігін қалпына келтіру үшін тараптармен келіссөзді жалғастыратынын айтты. Ол азаматтық кемелерге жасалған шабуылдарды және Қара теңіздегі шиеленісті күшейтетін әрекеттерді айыптап, барлық тарапты жауапкершілік танытуға шақырды. Бұл мәселені Ресеймен де талқылауды көздеп отырғанын жеткізді.