Астанадағы Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «Өнермен тоқылған Қазақстан: жүнмен жазылған тарих» жобалары таныстырылды. Орталық туынды — табиғи жүннен ине басу тәсілімен жасалған, көлемі 7×4 метр Қазақстан картасы.
Картаны жасауға бес ай уақыт кеткен. Оған еліміздің әр өңірінен шеберлер, педагогтер және оқушылар қатысқан. Жобаны елордалық Білім басқармасы ұйымдастырды.
Жоба авторы, №78 мектеп-гимназиясының көркем еңбек пәнінің мұғалімі Ләззат Атыбайдың айтуынша, картада ұлттық құндылықтар, табиғи байлық және мәдени мұра көрініс тапқан. Жобаның екінші бөліміне Қазақстанның әр өңірінен қатысушылар жасаған 500-ден астам картина енген.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, таныстырылым кезінде 750-ден астам картина саналған. Барлық жұмыс Азия және Африка елдері бойынша Дүниежүзілік рекордтар кітабына тіркеуге ұсынылған.
Дүниежүзілік рекордтар кітабының Азия және Африка елдері бойынша бас тіркеу офицері Қуандық Құдайбергенов картаның өлшемін тексеріп, мәлімделген параметрлерге сай екенін растаған. Фото және бейнематериалдар Шарджадағы халықаралық кеңсеге жолданады, онда нәтижелер онлайн қаралады.
Рекордтарды тіркеу туралы түпкілікті шешім материалдар қаралғаннан кейін шамамен 20 минут ішінде қабылданады деп жоспарланған. Екі жоба Азия және Африка елдері бойынша Дүниежүзілік рекордтар кітабының жыл сайын бес тілде шығатын жаңа басылымына енеді; оның халықаралық таныстырылымы 2027 жылғы қаңтарда Ыстамбұлда өтеді.