Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің көлік-транзит саласын дамыту мәселелеріне арналған жедел кеңесі өтті. Халықаралық көлік дәліздерін дамыту перспективалары және Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайту шаралары қаралды.
Саланың қазіргі жағдайы, іске асырылып жатқан жобалар және алдағы жоспарлар туралы Премьер-министрдің орынбасары – көлік министрі Әсел Жанасова, қаржы министрі Мади Тәкиев және Үкіметтің өзге де мүшелері баяндама жасады.
Мемлекет басшысы әлемнің жаңа көлік-логистика картасы қазір белсенді түрде қалыптасып жатқанын, Қазақстан онда проактивті ұстаным танытуы керек екенін атап өтті. Президент бұл жұмыстың негізгі бағыттары жақында жарияланған Халыққа Жолдауда айқындалғанын еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, географиялық орналасу елге артықшылық береді, бірақ нақты бәсекеге қабілеттілік тасымалдың жылдамдығына, болжамдылығына, тартымды тарифтерге және сенімділігіне байланысты. Ең алдымен транзиттің өткізу қабілетін арттыру, отандық әуе тасымалдаушыларына жағдай жасау және теңіз көлігін дамыту қажет.
Президент көлік саласындағы ахуалға қатысты бірқатар ескертпе айтып, инфрақұрылымды уақтылы бейімдеу – стратегиялық дамудың шешуші факторы екенін атап өтті. Ол «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жұмысын қатаң сынға алып, компанияның тиімділігін арттыруды – табыстылықты көбейтуді, процестерді оңтайландыруды, соның ішінде цифрландыру арқылы жетілдіруді тапсырды.
Мемлекет басшысы сондай-ақ логистика орталықтарын кеңейту, шекара және кеден рәсімдерін жетілдіру, саладағы барлық процестерді кешенді цифрландыру және жүктердің кедергісіз өтуіне бөгет болып отырған инфрақұрылымдық тосқауылдарды жою қажет екенін айтты. Инвесторлар, көлік және логистика компаниялары үшін «Заң мен Тәртіп» қағидатын сақтай отырып, барынша қолайлы жағдай жасаудың маңызына да ерекше назар аударылды.
Осы орайда Президент «Самұрық-Қазына» қоры және «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ұсталуына қатысты пікір білдірді.
Кеңес қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға көлік-транзит саласын одан әрі дамыту және Қазақстан аумағы арқылы өтетін халықаралық көлік бағыттарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөнінде тапсырмалар берілді. Бақылау Қауіпсіздік Кеңесінің Аппаратына жүктелді.