Қазақстанның оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қытайға жұмыс сапары аясында Тяньцзинь қаласында өткен «Техникалық және кәсіптік білім: өзгерістерді қабылдау, стандарттарды қалыптастыру және ортақ болашақ құру» халықаралық конференциясына қатысты.
Конференцияда техникалық және кәсіптік білім жүйесін жаңғырту, мамандар даярлау сапасын арттыру және халықаралық білім стандарттарын жетілдіру мәселелері қаралды. Қазақстан делегациясы білім министрлерінің дөңгелек үстеліне қатысып, онда «Бейжің келісімінде» көзделген тәсілдер талқыланды.
«Техникалық білім Жібек жолы бойындағы ынтымақтастықтың жаңа келбетін қалыптастырады» сессиясында Жұлдыз Сүлейменова Қазақстанның техникалық және кәсіптік білімді дамыту, еңбек нарығының сұранысына сай білікті кадрлар даярлау тәжірибесін таныстырды.