Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ және Core Element AI, Inc. геологиялық барлауда жасанды интеллектіні қолдану бойынша пилоттық жобаларды іске асыру туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойды. Жұмыс архивтік геологиялық ақпаратты машина оқи алатын форматқа көшіруді және одан әрі іздеу жұмыстарына арналған перспективалы учаскелер карталарын әзірлеуді қамтиды.
Қазақстандықтар құрған, АҚШ-та жұмыс істейтін CoreElement AI технологиялық компаниясы архивтік есептерді өңдейтін, геофизикалық және геохимиялық деректерді талдайтын әрі перспективалы учаскелер карталарын жасайтын жасанды интеллект платформасын әзірлеген.
Компанияның мәліметінше, геологиялық деректерді талдауға арналған модельді оқыту кезінде АҚШ, Австралия және Канададағы кен орындары аумақтарында жүргізілген аэрогеофизикалық түсірілімдердің материалдары пайдаланылған. Модель зерттеу нәтижелерін салыстырып, геологтар бірінші кезекте тексеруі керек учаскелерді белгілейді.