Шартқа Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асылов және Үндістанның Қазақстандағы елшісі Сайлас Тангал қол қойды. Қол қою рәсімі Бас прокуратурада өтті.
Құжат тараптардың құқық қорғау органдары іздеп жүрген адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту немесе сот үкімін орындау мақсатында берудің құқықтық негізін қалыптастырады.
Шарт Қазақстан мен Үндістан арасындағы қылмыстық сот ісін жүргізу саласындағы келісімдер жүйесін толықтырады. Бұған дейін елдер арасында қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек және сотталған адамдарды беру туралы келісімдер күшінде болған.
Бас прокуратура басшысының айтуынша, шарт екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстардың дәйекті дамуына байланысты ерекше маңызды.
Қазақстанда фармацевтика, тау-кен, медицина және тамақ өнеркәсібі салаларында 600-ден астам үнді компаниясы жұмыс істейді. Үндістан алыс шетелдер арасында Қазақстанда оқитын студенттер саны бойынша бірінші орында: 2025–2026 оқу жылында мұнда 10 мыңға жуық үндістандық студент білім алған.
Соңғы жылдары екі ел азаматтарының, соның ішінде туристердің өзара сапарлары да көбейген. Бас прокуратура халықаралық ынтымақтастықты дамыту прокуратура органдары қызметінің басым бағыты болып қала беретінін атап өтті.