Тель-Авивте «New Economy. New Opportunities» Қазақстан–Израиль бизнес-форумы өтті. Оған 100-ден астам израильдік компанияның, мемлекеттік органдардың және салалық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ қазақстандық бизнес пен даму институттары қатысты. Қатысушылар энергетика, су шаруашылығы, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және цифрлық технологиялар салаларындағы инвестициялық мүмкіндіктер мен ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
Қазақстан делегациясын Премьер-министрдің орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бастап барды. Форумның ашылуына Израиль Қаржы министрлігінің министрі Зеэв Элькин, Израиль Сыртқы істер министрлігі бас директорының орынбасары Яэль Равия-Цадок және Израильдің мемлекеттік органдары мен ұйымдарының өкілдері қатысты.
Жаслан Мәдиев Қазақстан экономикасын әртараптандыру және цифрлық трансформациялау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы айтты. Оның сөзінше, технологияларды қолдану кәсіпорындардың өнімділігін арттырып, экономика салаларындағы практикалық міндеттерді шешуге ықпал етуі керек. Ол жасанды интеллект саласындағы қызметтерді экспорттауды және отандық бизнеске әлемдік нарықтарда бәсекелесуге мүмкіндік беретін құралдар ұсынуды мақсат деп атады.
Форумның іскерлік бағдарламасында қазақстандық компаниялар, мемлекеттік органдар және даму институттары энергетика, маңызды минералдарды өңдеу, көлік және цифрлық инфрақұрылым салаларындағы инвестициялық мүмкіндіктерді таныстырды. Қатысушыларға Қазақстанда инвесторларды қолдау және бизнес жүргізу құралдары да көрсетілді.
Кездесуде су ресурстарын басқару, тиімді суару, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және өнеркәсіп пен қызмет көрсету салаларына цифрлық шешімдерді енгізу ынтымақтастықтың практикалық бағыттары ретінде аталды.
Форум аясында денсаулық сақтау, цифрландыру, ақпараттық қауіпсіздік, сумен жабдықтау және сауда салаларында жеті меморандуммен алмасу рәсімі өтті. Олардың қатарында Shoval Vantage Group пен KAZAKH INVEST арасындағы Қазақстанда медициналық кластер орталығын құруға қатысты құжат бар.
Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Terra-A Gaia AG цифрлық активтер, жасанды интеллектіні қолдану арқылы басқару, цифрлық инфрақұрылым және құзырет орталығын құру жөніндегі ынтымақтастықты айқындайтын меморандумға қол қойды. Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы мен CYBERPRO AI ақпараттық қауіпсіздік саласында, ал QazTrade пен Израильдің экспорт және халықаралық ынтымақтастық институты іскерлік байланыстарды дамыту бойынша құжат алмасты.
«Самұрық-Қазына Инвест» пен Watergen Қазақстанда атмосфералық ауадан ауызсу алу технологиясын жергіліктендіру мүмкіндігін зерттеуге келісті. Абай облысының әкімдігі Mekorot Development & Enterprises-пен су шаруашылығы, ал Auxbridge компаниясымен өңірдің цифрлық трансформациясы және цифрлық технологияларды қолдану мәселелері бойынша меморандум алмасты. Қазақстан тарапы компаниялардың ұсыныстарын үкіметаралық комиссияның қолданыстағы тетіктері арқылы әрі қарай пысықтауға жәрдемдесуге дайын екенін мәлімдеді.