Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Ақкенженов отын-энергетика кешенінде жасанды интеллектіні қолдану мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізді. Оған 01.AI директорлар кеңесінің төрағасы, Қазақстан Президентінің штаттан тыс кеңесшісі доктор Кай-Фу Ли онлайн қатысты. Сондай-ақ Q.AI компаниясының Қазақстандағы кеңсесінің өкілдері болды.
Кеңесте саланың өндірістік және басқару үдерістеріне жасанды интеллект енгізуге арналған бірыңғай цифрлық орта құруды көздейтін Energy AI Kazakhstan тұжырымдамасы таныстырылды.
Кай-Фу Ли энергетикада жасанды интеллектіні қолдану тәсілдерін таныстырды. Қатысушылар ұсынылған платформаның құрылымымен, мүмкіндіктерімен және министрлік пен оған қарасты ұйымдардың жұмысында қолдану сценарийлерімен танысты.
Ұсынылған шешімдер қатарында отын тапшылығы қаупін ерте анықтау, есептілікті дайындау және тексеруді автоматтандыру, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздікті бақылау бар. Оларды қолдану салалық деректерді жедел талдауға және шешімдерді негіздеуге көмектесуі тиіс.
Энергетика нысандарының цифрлық егіздеріне де назар аударылды. Олар өндірістік үдерістерді модельдеуге, жабдықтың жай-күйін талдауға, ықтимал ауытқуларды анықтауға және техникалық шешім қабылдамас бұрын түрлі сценарийдің салдарын бағалауға мүмкіндік береді.
Ұсынылған архитектура салалық білім базаларын, ақпараттық жүйелерді және нақты өндірістік әрі басқару міндеттерін орындайтын мамандандырылған жасанды интеллект агенттерін біріктіреді.
Тұжырымдаманың негізгі қағидаларының бірі — Қазақстанның технологиялық және ақпараттық егемендігін қамтамасыз ету. Деректерді, есептеу инфрақұрылымын және салалық модельдерді ел аумағында, министрліктің бақылауымен орналастыру көзделген.
Кеңесте бастаманы іске асыру кезеңдері де талқыланды: нақты салалық деректермен пилоттық сынақ өткізу, ұсынылған шешімдердің тиімділігін бағалау және саланың практикалық пайдасын растаған құралдарды кейін кеңейту.