AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Kraken халықаралық криптоплатформасының тең бас директоры Дэвид Риплимен кездесті.
Тараптар цифрлық активтер нарығын дамыту, заманауи қаржы технологияларын енгізу, реттеу тәсілдерін жетілдіру және халықаралық тәжірибені Қазақстанның цифрлық экономикасында қолдану мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесу қорытындысында Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Kraken цифрлық активтер нарығын дамытуға және блокчейн технологияларын енгізуге бағытталған меморандумға қол қойды.
Сондай-ақ Kraken Астана халықаралық қаржы орталығының Қаржылық қызметтерді реттеу комитетінен (AFSA) алдын ала мақұлдау алды. Бұл — лицензиялау рәсімінің негізгі кезеңдерінің бірі. Компания белгіленген талаптарды орындағаннан кейін АХҚО реттейтін юрисдикцияда жұмыс істей алады.
Меморандум цифрлық активтерді реттеуді жетілдіру, цифрлық қаржы нарығын дамыту, дәстүрлі банк инфрақұрылымын цифрлық активтер нарығымен интеграциялау, блокчейн технологияларын енгізу, білім беру бастамалары және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бағыттарындағы ынтымақтастықты қамтиды.
Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтурсыновтың айтуынша, меморандум халықаралық тәжірибе алмасуға, блокчейнді дамытуға және Қазақстанның өңірлік криптохаб ретіндегі орнын нығайтуға мүмкіндік береді. Kraken-ді басқаратын Payward компаниясының тең бас директоры Дэвид Рипли AFSA-ның алдын ала мақұлдауын Қазақстан нарығына шығу жолындағы маңызды кезең деп атады.
Kraken 2011 жылы АҚШ-та құрылған. Платформа бөлшек және институционалдық клиенттерге цифрлық активтерді сатып алу, сату, сақтау және саудалау қызметтерін ұсынады.