Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев 30 қазанда Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде бірлескен инвестициялық және өнеркәсіптік жобаларды іске асыруға арналған «Түркі әлемі – 100» бағдарламасын қабылдауды ұсынды. Бағдарламаға жүз стратегиялық жоба енгізілуі мүмкін.
Мирзиёев сауда, көлік, инвестиция және басқа да басым бағыттарда нақты жобаларды іске асыру үшін салалық министрлер кездесетін «Түркі мемлекеттері ұйымы плюс» форматын бастауды ұсынды. Сондай-ақ ол ұйым елдерінің халықаралық жүк тасымалы мен логистикадағы үлесін арттыру үшін Орта дәлізді және онымен байланысты бағыттарды біртұтас экономикалық жүйеге айналдыруға шақырды.
Өзбекстан басшысы Түркі мемлекеттерінің логистикалық кешендер желісін құрып, оны бірлесіп басқаруды ұсынды. Ол кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін коммерциялық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы көпжақты шарт әзірлеу және құқықтық сұраулар мен құжаттарды электронды алмасатын цифрлық платформа құру қажеттігін де айтты.