Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров 2026–2028 жылдары Монополияға қарсы саясат жөніндегі мемлекетаралық кеңесті (МСК) басқарады. Тиісті шешім 29 қазанда Әзербайжанның Ханкенди қаласында өткен кеңестің 61-отырысында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қолдауымен қабылданды.
Төрағалық кезінде бәсекелестікті қорғау саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастықты дамыту, монополияға қарсы заңнаманы жетілдіру және құқық қолдану тәжірибесімен алмасу көзделген.
МСК 1993 жылы ТМД-ға қатысушы мемлекеттер үкімет басшылары қол қойған келісілген монополияға қарсы саясат жүргізу туралы шарт негізінде құрылған. Кеңес ұлттық монополияға қарсы органдардың өзара іс-қимылын қамтамасыз етіп, бәсекелестікті дамытуға және бәсекеге қарсы тәжірибелердің алдын алу мен жолын кесудің ортақ тәсілдерін әзірлеуге жәрдемдеседі.
Кеңес қызметінің маңызды бағыттарының бірі — трансшекаралық маңызы бар нарықтарда бірлескен зерттеулер мен тергеп-тексерулерді үйлестіру. Осы жұмыс үшін МСК жанында монополияға қарсы заңнаманы бұзу фактілерін бірлесіп тергеп-тексеру штабы құрылған. Ол әуе тасымалы, телекоммуникация, мұнай өнімдері, фармацевтика және бөлшек сауда нарықтарын қамтиды. Картельдік келісімдерге қарсы іс-қимылға да ерекше назар аударылады.
Цифрлық экономиканың дамуына байланысты кеңестің халықаралық күн тәртібі кеңейіп келеді. Қазіргі өзекті тақырыптардың қатарында жасанды интеллекттің бәсекелестікке әсері, цифрлық нарықтарды реттеу, дәрі-дәрмек бағасы, роуминг қызметтерінің құны және биржалық сауданы дамыту бар.
Қазақстанның 2026–2028 жылдардағы төрағалығы бәсекелестікті қорғау тәсілдерін жақындастыру, бірлескен тергеп-тексерулерді дамыту және ТМД елдерінің монополияға қарсы органдары арасында тәжірибе алмасу жұмысын жалғастыруға мүмкіндік береді.