Абай облысындағы цифрландыру күніне арналған форумда полиция қызметкерлері қызметтік міндеттерге көмектесетін технологияларды көрсетті. Көрмеге робот-ит, дрон, антидрон, электронды планшет, радиостанция және бетке тағылатын смарт-бейдж қойылды.
Облыстық полиция департаментінің цифрландыру және жасанды интеллект басқармасы таныстырған робот-итке жастар ерекше қызығушылық танытты. Инфрақызыл бақылау жүйесімен жабдықталған құрылғы адам денесінің жылуын анықтап, жетуі қиын жерлерде қозғала алады.
Полиция өкілдерінің айтуынша, дрондар тасжолдардағы жол жағдайын бақылауға және жоғалған адамдарды іздеу кезінде үлкен аумақтарды тексеруге көмектеседі. Қатысушыларға антидронның ұшқышсыз аппараттарға қарсы қалай қолданылатыны да түсіндірілді.