Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулдығы Республика күні аясында «Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығы: мемлекеттік дамудың қорытындылары және қазақ-қытай ынтымақтастығының жаңа көкжиектері» атты дөңгелек үстел өткізді.
Іс-шараға Шанхай мен Чжэцзян провинциясының талдау орталықтары, ғылыми мекемелері және жоғары оқу орындарының өкілдері, қазақстандық магистранттар мен докторанттар қатысты. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты және Сыртқы істер министрлігі жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институтының сарапшылары онлайн қосылды.
Қазақстанның Бас консулы Нұрлан Аққошқаров мемлекеттілікті нығайту, экономика және елдің халықаралық беделін арттыру бағытындағы жетістіктерді атап өтті. Ол қазақ-қытай қатынастарының жан-жақты стратегиялық әріптестік негізінде дамып келе жатқанын айтты.
Қытай сарапшылары Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге жоғары баға беріп, елдің орта держава және Еуразияның негізгі байланыстырушы буыны ретіндегі рөлін атап өтті. Олардың пікірінше, Қазақстан өңірлік қауіпсіздік пен тұрақты дамуға үлес қосады.
Қатысушылар цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект, бірлескен өндіріс, кадр даярлау және ғылыми зерттеулер салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге назар аударды. Олар Транскаспий халықаралық бағытының Қытай мен Еуропа арасындағы транзиттік дәліз ретіндегі стратегиялық маңызын және оның «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен байланысын атап өтті.
Қытай ғалымдарының пікірінше, екі ел басшыларының жетекшілігімен Қазақстан мен Қытай қарым-қатынастардың «алтын отызжылдығына» қадам басты. Бұл сенімді нығайтуға, практикалық ынтымақтастықты дамытуға, өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдауға мүмкіндік береді.