Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Иордания королі Абдалла II-нің шақыруымен 5–6 қарашада жұмыс сапарымен Астанаға келеді.

Мирзиёев Ақаба процесі аясында өтетін Орталық Азия көшбасшыларының кездесуіне қатысады. Онда жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік, оны террористік және экстремистік мақсатта пайдалануға қарсы іс-қимыл, сондай-ақ жаңа технологиялық сын-қатерлерге жауап беру үшін халықаралық және өңірлік ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланады.

Ақаба процесі — Король Абдалла II 2015 жылы ұсынған халықаралық бастама. Ол терроризм мен экстремизмге қарсы күрестегі халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге, тәжірибе алмасуға және қауіпсіздік саласындағы бірлескен күш-жігерді үйлестіруге бағытталған.