Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Самарқандтағы Имам Матуриди мемориалдық кешенінде атқарылған жұмыстармен танысты.
Мемлекет басшысының қаулысына сәйкес, былтыр Әбу Мансур Матуридидің туғанына 1155 жыл толуы кеңінен атап өтілді. Осыған орай Самарқандтағы Чокардиза зираты аумағында Имам Матуриди кешенін қайта жаңғырту және абаттандыру жұмыстары басталған.
Жалпы аумағы 10,2 гектар кешенде зияратшыларға арналған жаңа мешіт салынды. Имам Матуриди мен Бурһониддин Марғинони кесенелері толық қайта жаңғыртылды. Сондай-ақ ғалым мұрасын терең зерттейтін ғылыми орталық пен музей ашылды.
Мирзиёев бұл мекемелердің мақсаты ұлы бабалардың мұрасын терең зерттеп, оны жастарға жеткізу екенін айтты. Оның сөзінше, Имам Матуридидің мың жыл бұрын жазған еңбектерін зерттеу және түсіндіру бүгін де маңызды.
Кешенге кіреберісте портал, қонақүйлер және үлкен автотұрақ салынды. Аумағына елдің климаттық жағдайына бейімделген жергілікті және шетелдік ағаш түрлерінің көшеттері отырғызылды.
Кешенде ұлы ғалымдардың рухына тағзым етіліп, Құран сүрелері оқылды. Президенттің айтуынша, келушілер Имам Матуридидің ғылыми және рухани мұрасы, сондай-ақ ислам әлеміндегі орны туралы түсінік алуы керек.