Түркияның Анкара қаласында 30–31 қазанда Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммиті аясында Түркі әлемі диалог форумы өтті. Оны Түркия Президенті жанындағы Коммуникациялар басқармасы ұйымдастырды.
«Идеядан диалогқа, алға» тақырыбындағы форумды Түркияның вице-президенті Джевдет Йылмаз және Президент әкімшілігінің коммуникациялар басқармасының басшысы Бурханеттин Дуран ашты.
Форумда түркі әлеміндегі медиа және коммуникация, дипломатиядағы әйелдердің рөлі, парламенттік дипломатия, энергетикалық қауіпсіздік пен ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды. Сондай-ақ стратегиялық коммуникация, жалған ақпаратпен күрес, жасанды интеллекттің сын-қатерлері және Орта дәлізден бірлескен өндіріс экожүйесіне дейінгі экономикалық ынтымақтастық мәселелері қаралды.