3 қарашада Түрікменстан Сыртқы істер министрлігінің ғимаратында Түрікменстан және АҚШ арасындағы саяси консультациялардың кезекті раунды өтті.
Түрікменстан делегациясын сыртқы істер министрі Рашид Мередов, ал АҚШ делегациясын Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі мемлекеттік хатшының көмекшісі Самир Пол Капур басқарды.
Тараптар екіжақты қатынастардың қазіргі жай-күйін, ынтымақтастық мәселелерін және оны одан әрі дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Олар тұрақты саяси диалогтың маңызын атап өтті.
Саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық, энергетика, көлік, білім, ғылым, мәдениет және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты жандандыру мәселелеріне назар аударылды. Сондай-ақ сауда байланыстарын кеңейту, іскер топтардың байланысын нығайту және инвестиция тарту мүмкіндіктері қаралды.
Аймақтық күн тәртібі аясында «Орталық Азия – АҚШ» («С5+1») форматындағы өзара іс-қимыл және халықаралық жағдайдың өзекті мәселелері талқыланды.
Келіссөздер қорытындысында тараптар Түрікменстан-АҚШ әріптестігін одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін білдірді.