Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев 19 қазанда АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионы қабылдады. Ол елге «С5+1» форматындағы министрлер кездесуіне және Америкалық-Өзбекстандық іскерлік және инвестициялық кеңестің екінші отырысына қатысу үшін келген.
Кездесуде екіжақты стратегиялық әріптестікті нығайту және жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау мәселелеріне басымдық берілді. Тараптар саясат, қауіпсіздік, сауда, инвестиция, инновация, технология, білім және мәдениет салаларындағы байланыстардың жанданғанын атап өтті.
«С5+1» министрлер кездесуінің қорытындылары жоғары бағаланды. Онда АҚШ пен Орталық Азия елдері арасындағы диалогты нығайтуға және көпжақты ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделілік расталған.
Өзбекстан мен АҚШ терроризмге, экстремизмге, есірткі тасымалына және заңсыз көші-қонға қарсы күресте қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтып келеді. Сондай-ақ екі елдің парламенттері мен мекемелері арасында тікелей диалог орнатылып, іскер топтар мен академиялық қауымдастық арасындағы байланыстар кеңейген.
Екіжақты сауда айналымы жыл басынан бері 35 пайызға өсті. Азаматтық авиация, автомобиль жасау, тау-кен саласы, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және қаржы секторында ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Іскерлік және инвестициялық кеңестің отырысында 12 миллиард долларға жаңа уағдаластықтарға қол жеткізілді. Тараптар стратегиялық маңызы бар минералдар, энергетика, көлік, жасанды интеллект және цифрлық технологиялар салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін де қарастырды.
Кездесуде екі ел басшылары қатысатын алдағы іс-шаралардың кестесі мен мазмұны, сондай-ақ халықаралық саясат пен өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері талқыланды.