Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевке экономика салаларында ұшқышсыз авиациялық жүйелерді кеңейту және осы саланы ретке келтіру жөніндегі таныстырылым көрсетілді.
Ұшқышсыз авиация ауыл шаруашылығында егістікті бақылау мен өңдеуге, өнеркәсіпте өндіріс процестері және инфрақұрылым нысандарының жағдайын қадағалауға, ал қалаларда көлік ағынын бақылауға қолданылып жүр. Дрондар өндіріс тиімділігін арттырып, шығындарды азайтуға және жаңа жұмыс орындарын құруға көмектеседі.
Таныстырылымда Өзбекстанда азаматтық мақсатта ұшқышсыз авиациялық жүйелерді қолдану аясын кеңейту, сондай-ақ осы саладағы кәсіпкерлік пен инвестицияға қолайлы жағдай жасау ұсыныстары қаралды. Сонымен бірге ұшу қауіпсіздігі мен азаматтардың жеке өміріне қол сұқпауды қамтамасыз ететін реттеу тетіктерін әзірлеу қажеттігі айтылды.
Дрондарды пайдалану ережелерін біріздендіру, оларды есепке алу, ұшуларды үйлестіру, келтірілген залалды өтеу және сақтандыру тетіктерін жетілдіру ұсынылды. Сондай-ақ ұшқышсыз аппараттар туралы мәліметтерді біріктіретін бірыңғай цифрлық ақпараттық жүйе құру, ұшу аймақтарын белгілеу және оларды пайдалану тәртібін енгізу қарастырылған.
Жаңа оқу жылынан бастап Көлік университетінде ұшқышсыз авиациялық жүйелер бойынша мамандар даярлау жоспарланып отыр. Оқуды тәжірибемен ұштастыруға және жастардың заманауи авиациялық технологияларға қызығушылығын қолдауға назар аударылады.
Президент жауапты тұлғаларға шетелдің озық тәжірибесін ескере отырып, заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Мақсат — экономиканың түрлі салаларында дрондарды қолдануды кеңейту, отандық өндірісті дамыту және кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау.