«Zhylyoi Operating» Жылыой геологиялық барлау учаскесінде 3D сейсмикалық зерттеу жүргізіп жатыр. Жоба «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы және «China National Offshore Oil Corporation» (CNOOC) серіктестігімен іске асуда.
Қытай компаниясы үшін бұл — Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы жоба. Учаске Атырау облысында, Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауы бойында орналасқан және құрлықтан теңізге өтетін аймақты қамтиды. Зерттелетін аумақтың көлемі — 958 шаршы шақырым.
Жобаның барлау кезеңін қытайлық серіктестер қаржыландырады. Учаскенің Каспий жағалауында орналасуы жұмысты күрделендіріп, экологиялық қауіпсіздік пен техникалық дайындыққа ерекше талап қояды.
Зерттеудің жалпы көлемі — 400 толық еселік шаршы шақырым. Жұмыс кезінде жоғары ажыратымдылықтағы төмен жиілікті вибрациялық көздер, кабельсіз сейсмикалық сигнал қабылдағыштар және деректер жинауды оңтайландырып, жеделдететін технологиялық шешімдер қолданылады.
3D сейсмикалық зерттеу жер қойнауының геологиялық құрылымы туралы егжей-тегжейлі мәлімет алуға мүмкіндік береді. Нәтижелер блоктың көмірсутек әлеуетін бағалау және алғашқы іздеу-барлау ұңғымасын бұрғылау орнын таңдау үшін пайдаланылады.
«Жылыой» жобасы «ҚазМұнайГаздың» Қазақстан аумағының геологиялық зерттелу деңгейін арттыру және көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған жаңа перспективалы нысандарды іздеу стратегиясы аясында жүзеге асырылып жатыр.