Абай облысының экономикасына 2026 жылғы қаңтар–қыркүйекте 417,7 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның 365,2 млрд теңгесі жеке инвестицияларға тиесілі. Бұл туралы облыс әкімі Берік Уәли төрағалық еткен әкімдік отырысында айтылды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садырдың мәліметінше, жеке инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 97,9 млрд теңгеге артқан. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада 8-орында.
Тоғыз айда облыста 2,5 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 630 млрд теңгеге көп. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі бойынша облыс өңірлер арасында 10-орыннан 8-орынға көтерілді.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 240,4 млрд теңгені құрап, 173,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші бойынша облыс 19-орыннан 6-орынға көтерілді.
Отырыста қала және аудан әкімдерінің 83 көрсеткіш бойынша қызметіне берілген рейтинг нәтижелері де қаралды. Үздік үштікке Семей қаласы, Жаңасемей және Үржар аудандары кірді. Курчатов қаласы, Ақсуат және Көкпекті аудандары рейтингтің төменгі орындарында болды.
Берік Уәли Курчатов қаласы, Ақсуат және Көкпекті аудандарының әкімдеріне негізгі көрсеткіштерді жақсарту жұмысын күшейтуді тапсырды. Жыл қорытындысында міндеттерін орындамаған жауапты лауазымды тұлғаларға тәртіптік шаралар қолданылатынын ескертті.