Атырау облысының әкімі Болат Ақчулаковтың төрағалығымен Атырау бекіре өсіру зауытын жаңғырту мәселелері қаралды. Жұмыстар аяқталғаннан кейін кәсіпорын жылына 5 млн емес, 7,4 млн бекіре шабағын өсіре алады. Шабақтар Жайық-Каспий бассейніндегі бекіре тұқымдас балықтардың популяциясын сақтау үшін табиғи ортаға жіберіледі.
Жаңғыртуды облыс әкімдігі және Ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүргізіп жатыр. Зауытты кеңейтуге 17 гектар жер бөлінген. Кәсіпорын «Жаңаталап» және «Еркінқала» деген екі учаскеде жұмыс істейді. Ол Жайық-Атырау және Атырау зауыттарын біріктіру нәтижесінде құрылған.
«Жаңаталап» учаскесіндегі жаңғыртудың бірінші кезеңі аяқталып, екінші кезеңі жүріп жатыр. Өндірістік цех күрделі жөндеуден өтті, суды тұйық жүйеде пайдалану және желдету жабдықтары орнатылды, балық өсіретін бассейндер мен резервуарлар дайындалды. Шабақтарға жем болатын ұсақ шаянтәрізді дафнияны өсіруге арналған 32 бассейн де салынып жатыр.
Негізгі жұмыстарды 2026 жылғы қарашаның соңына дейін, ал сорғы станциясындағы жұмысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. «Еркінқала» учаскесінде жаңғыртудың үшінші кезеңі өтеді. Қазір мердігерді таңдау бойынша тендер жүріп жатыр. Жұмыстың құны — 1,5 млрд теңге.
Болат Ақчулаков Каспий теңізі мен оның салаларына балық жіберу өңірдің су биоресурстарын сақтау үшін маңызды екенін атап өтті. Ол «Еркінқала» учаскесін жаңғырту мерзімінің бұзылуына жол бермеуді тапсырды.
Әкім сондай-ақ жергілікті балық шаруашылықтарына беру үшін шабақ өсіру көлемін арттыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Бұл ет пен уылдырықты қоса алғанда, тауарлы бекіре өнімдерін өндіруді ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Бекіре тұқымдас балықтарды сақтау және көбейту — Каспий маңындағы бес елдің: Қазақстанның, Ресейдің, Әзербайжанның, Иранның және Түрікменстанның ортақ міндеті. Елдер Каспий теңізінің су биоресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану жөніндегі мемлекетаралық келісім аясында ынтымақтасады. Жұмыстың бір бағыты — бекірені қолдан көбейтіп, шабақтарын табиғи ортаға жіберу.