Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев 7 қарашада Агдам индустриялық паркінде «Komfy» жауапкершілігі шектеулі қоғамының ортопедиялық матрас өндіретін кәсіпорнының ашылуына қатысты. Кәсіпорын директоры Фуад Наджафов нысан туралы мемлекет басшысына ақпарат берді.
Компанияға 2024 жылы Агдам индустриялық паркінің резиденті мәртебесі берілген. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты — 130 мың матрас. Мұнда әртүрлі өлшемдегі, құрылымдағы және қаттылық деңгейіндегі матрастар, сондай-ақ боннель және қалта серіппелі жүйелер шығарылады.
Кәсіпорын Әзербайжанда алғаш рет сығылып, орам түрінде қапталатын «roll-pack» форматындағы матрастарды өндіреді. Бұл тасымалдау шығындарын азайтып, экспорт мүмкіндіктерін кеңейтеді. Өнімдер ішкі нарыққа және басқа елдерге сатылмақ.
Зауыт жергілікті және шетелдік қонақүйлердің сұранысына сай матрастар да шығарады. Мұнда 65 адам тұрақты жұмысқа орналасады. Құны 2,5 млн манат болатын жоба жеке инвестициямен және Әзербайжан экономика министрлігіне қарасты Әзербайжан бизнесін дамыту қорының мемлекеттік кепілдігімен берілген 700 мың манат несие арқылы қаржыландырылған.
Индустриялық парк резиденті ретінде кәсіпорын 114 мың манат көлеміндегі қосылған құн салығы мен кедендік баждардан босатылды. Президент жарлығымен 2021 жылы құрылған Агдам индустриялық паркінің аумағы 190 гектарды құрайды. Онда 37 резидент және екі резидент емес ұйым бар; барлығы 39 кәсіпорын тіркелген.
Парк жобаларының жалпы құны — 375,5 млн манат, нақты салынған инвестиция — 192,6 млн манат. Жобалар аясында қазір 1000-нан астам адам жұмыспен қамтылған. Резиденттердің жалпы сатылымы 2,96 млрд манатқа, экспорты 132,6 млн манатқа жеткен.