Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Қарауылбазар ауданындағы Бұхара мұнай өңдеу зауытына барып, кәсіпорынды жаңғырту жобасымен танысты.
Зауытта 3,2 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Биылғы тоғыз айда мұнда 1,36 миллион тонна мұнай өнімі өндіріліп, оның жалпы құны 12,1 триллион сум болды. Өнімдер мен қызметтер экспорты 99,5 миллион долларды құрады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 116 миллион долларға жеткізу жоспарланған.
Құны 328 миллион доллар болатын жоба шикізатты өңдеу көлемін арттыруға және жоғары октанды бензин өндіру мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған. Нафтаны гидротазарту және изомерлеу жабдықтарын орнату жоспарланып отыр.
Гидротазарту шикізаттағы күкірт пен басқа қоспаларды азайтады, ал изомерлеу жеңіл мұнай фракцияларынан алынатын бензиннің октан санын арттырады. Бұл Еуро-5 экологиялық стандартына сай АИ-92 және АИ-95 бензиндерін көбірек өндіруге мүмкіндік береді.
Жоба шикізатты фракцияларға бөлуді жетілдіруді және ауыр қалдықтарды терең өңдеуді де қамтиды. Нәтижесінде зауыттың жылдық өңдеу қуаты тағы 2,5 миллион тоннаға артып, 5 миллион тоннаға жетеді. Дайын өнім өндірісінің өсуі ішкі нарықты қамтамасыз етуге және экспортты ұлғайтуға көмектеседі.
Президент жаңғырту жұмыстарының белгіленген мерзімде және жоғары сапа стандарттарына сай орындалуын, жаңа жабдықтың қолданыстағы өндірістік үдерістермен үйлестірілуін және кәсіпорынның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды. Ол жобаға қатысып жатқан шетелдік компаниялардың өкілдерімен де әңгімелесті.