Қытай Халықаралық стандарттау ұйымы (ISO) және Халықаралық электротехникалық комиссия (IEC) аясында төмен биіктіктегі экономика саласына арналған стандарттарды әзірлеуге қатысып жатыр. Қытай бірлесіп әзірлеген «Ұшқышсыз ұшу аппараттарының сезу және кедергілерді айналып өту жүйесі» стандарты осы саладағы халықаралық стандарттар олқылығын толтырды.
Қытай ұсынған ұшқышсыз ұшу аппараттарының сәйкестендіру қауіпсіздігіне қатысты тағы бір жоба халықаралық стандарт ұсынысы ретінде тіркелді. Онда ұшқышсыз ұшу аппараттары жүйесінің лицензиялары мен қауіпсіздік модульдерін сынау әдістері қарастырылған.
Төмен биіктіктегі экономика стратегиялық дамушы салалардың маңызды өсім көздерінің бірі саналады. Дрондар ойын-сауықтан логистикаға және қаланы басқаруға дейінгі салаларда қолданыла бастады. Халықаралық стандарттар технологиялық талаптарды біріздендіріп, ережелерді үйлестіруге мүмкіндік береді.
Қытай бірлесіп әзірлеген стандарт қалалық күрделі ортада қолдануға арналған. Онда дрондардың әуе кемелерін және басқа нысандарды анықтау әрі оларды айналып өту жүйелеріне қойылатын жалпы функциялық, құрылымдық, өнімділік және қауіпсіздік талаптары белгіленген. Сондай-ақ анықтау қашықтығы, қауіпсіз арақашықтық, қону кезіндегі кедергілерді анықтау және төтенше жағдайда оларды айналып өту тәсілдері көрсетілген.
Құжат биік ғимараттар тығыз орналасқан, адам көп шоғырланған және электромагниттік жағдайы күрделі ортада дрондардың қауіпсіз ұшуына ортақ техникалық негіз ұсынады. Қытайдың нарықты реттеу жөніндегі мемлекеттік басқармасының мәліметінше, бұл трансшекаралық қолдану мен нарыққа кірудегі кедергілерді азайтуға көмектеседі.
Қауіпсіздік модульдерін сынау әдістеріне арналған ұсыныс ұшқышсыз ұшу аппараттарын сәйкестендіру мен қауіпсіздігін қадағалау саласына қатысты. Ортақ сынақ талаптары дрондарды анықтауға, олардың қозғалысын қадағалауға және бақылауға техникалық негіз болуы тиіс.
Алдағы уақытта Қытайдың нарықты реттеу жөніндегі мемлекеттік басқармасы және басқа да ведомстволар дрондар сияқты басым бағыттарда озық отандық технологиялар мен тәжірибені халықаралық стандарттарға енгізу жұмысын жалғастырмақ.