Қытай Халық Республикасының Қаржы министрлігі орталық үкімет атынан жергілікті уақытпен 9 қарашада Канаданың Торонто қаласында 40 млрд юаньдық жасыл егемен облигация шығарды.
10 қараша күні таңертең Торонто биржасында рәсім өтті. Оған Қытай Қаржы министрінің орынбасары Ляо Мин қатысып, сөз сөйледі.
Ляо Миннің айтуынша, Қытайдың Канадада юаньмен алғаш рет жасыл егемен облигация шығаруы осы жылғы қаңтарда Қытай төрағасы Си Цзиньпин мен Канада премьер-министрі Марк Карни келіскен маңызды уағдаластықтарды және Қытай-Канада экономикалық-қаржылық стратегиялық диалогының екінші раундын іске асыруға бағытталған.
Оның сөзінше, бұл қадам Қытайдың жасыл, төмен көміртекті дамуға және жоғары деңгейдегі сыртқы ашықтыққа ұмтылысын көрсетеді. Сондай-ақ Қытай мен Канаданың экономикалық және қаржылық диалогты нығайтуға, практикалық ынтымақтастықты тереңдетуге ниетін білдіреді.
Рәсімге Канада Қаржы министрінің көмекшісі Роберт Сэмпл, Қытайдың Торонтодағы Бас консулдығының бас консулы міндетін атқарушы Чэн Хунбо, Қытай банкі төрағасының орынбасары Ян Цзюнь, Канаданың Корольдік банкінің капитал нарықтары бөліміндегі макроөнімдер жөніндегі жаһандық жетекшісі Джим Берд, сондай-ақ канадалық банктердің, андеррайтерлердің және халықаралық инвесторлардың өкілдері қатысты.