Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Бейнеу ауданындағы жаңа теміржол вокзалының құрылыс алаңына барып, жұмыстардың барысымен танысты.
Құрылысы 2025 жылы басталған вокзалдың аумағы 3500 шаршы метр. Бұл бұрынғы вокзал ғимаратынан 15 есе үлкен. Үш қабатты нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Жобаның мердігері — «JJ Construction» ЖШС.
Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ғимараттың ішкі әрлеуі және инженерлік жүйелерін монтаждау шамамен 90 пайызға орындалған. Алаңда 130-дан астам жұмысшы және 15 арнайы техника жұмыс істеп жатыр.
Жаңа вокзал бір мезгілде 1300 жолаушыға қызмет көрсете алады. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін ғимаратта эскалаторлар мен лифтілер қарастырылған.
Екінші қабатта кофехана, сауда дүңгіршектері, бутиктер, бірлесіп жұмыс істеуге және демалуға арналған орындар болады.
Нысанды пайдалануға беру ауданның көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Облыс әкімі мердігер ұйымға құрылыс қарқынын бәсеңдетпеуді, жұмыс сапасы мен қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды, құрылыс-монтаж және абаттандыру жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды, сондай-ақ пайдалануға беру үшін қажетті құжаттарды уақытылы рәсімдеуді тапсырды.