Шығыс Қазақстан облысында егін жинау науқаны аяқталуға жақын. Биыл шаруалар 485 мың тоннадан астам майлы дақыл жинады, оның басым бөлігі — күнбағыс. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың түсімі 428,7 мың тонна болды.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жаннат Кошерова мәлімдеді.
Биыл өңірдегі егіс алқабы 611 мың гектардан асты. Бұл былтырғыдан 5,5 мың гектарға көп. Вегетация кезінде күн ыстық болып, жауын-шашын аз түскендіктен, дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 17,4 центнер болды. Былтыр бұл көрсеткіш 20,3 центнерге жеткен еді.
Майлы дақылдардан 485,2 мың тонна өнім алынды, соның ішінде күнбағыс — 456,78 мың тонна. Орташа өнімділік гектарына 19,3 центнерді құрады.
Егін жинау жұмыстары кідіріссіз өтуі үшін шаруашылықтар алқаптар мен техниканы алдын ала дайындап, 69 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізді. Аграрларға жұмыс жүргізу үшін 19 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді, ал астық кептіруге қосымша 5,3 мың тонна қарастырылды. Өңірдегі астық қоймаларының, соның ішінде өңдеу кәсіпорындарының қуатын қосқандағы жалпы сыйымдылығы — 829 мың тонна.
Аграрлық секторға мемлекеттік қолдау жалғасып жатыр. «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына 22,2 млрд теңге бөлінді. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер «КазАгроФинанс» АҚ арқылы жалпы құны 17,7 млрд теңге болатын 503 техника мен жабдықты лизингке алды.
Өсімдік шаруашылығын субсидиялауға 3,4 млрд теңге бөлінді. Қаражат тұқым шаруашылығын қолдауға, тыңайтқыштар мен пестицидтердің құнын арзандатуға және суармалы суды жеткізу шығындарын өтеуге бағытталды.