Франция мемлекеті және Овернь-Рона-Альпі өңірі 2030 жылғы қысқы Олимпиада және Паралимпиадаға дайындық аясында көлік инфрақұрылымын дамытуға 300 млн еуро бөледі. Қаржыландыру туралы келісімге 16 қазанда Альбервильде Францияның көлік министрі Филипп Табаро, спорт министрі Марина Феррари және өңір басшысы Фабрис Паннекук қол қойды.
Қаражаттың жартысын мемлекет, қалған жартысын өңір бөледі. Инвестиция спортшыларға, көрермендерге және жарысқа келетін қонақтарға қолжетімді, тиімді әрі көміртек шығарындылары аз көлік қызметін ұсынуға арналған.
Келісім бойынша 103 млн еуро теміржол қатынасына жұмсалады. Гренобль–Вейн желісін жаңарту және Альбервиль, Бур-Сен-Морис, Эм-Ла-Плань және Монтмелян стансаларын қолжетімді ету жоспарланған.
Жол желісіне 73 млн еуро бөлінеді. Соның ішінде ойындар өтетін шаңғы курорттарына апаратын маңызды бағыт — RN 90 жолының төзімділігін арттыру көзделген.
Тағы 124 млн еуро аңғарлар мен шаңғы курорттарын жалғайтын аспалы жолдар және веломаршруттар салуға жұмсалады. Құжатта қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық берілген.
Сол күні Филипп Табаро өңірдегі күнделікті қатынасқа арналған 1,4 млрд еуролық қаржыландыру келісіміне қосымша құжатқа да қол қойды. Қаражаттың жартысынан астамы теміржол мен өңірлік экспресс көлік қызметтеріне бағытталады.
Министрлер қысқы ойындарға арналған көлік қозғалысын үйлестіретін комитеттің алғашқы отырысын да өткізді. Жиынға мемлекеттік органдар, өңірлік және жергілікті билік өкілдері, ойындарды ұйымдастырушылар және теміржол инфрақұрылымының операторы қатысты.