Қазақстан мен Қытайдың авиация билігі 4 қарашада Ташкентте өткен екіжақты келіссөздерде халықаралық әуе қатынасын кеңейту мәселесін талқылады. Кездесу «Қытай – Орталық Азия» азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобы конференциясы аясында өтті.
Қазақстан делегациясын ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрайымы Салтанат Томпиева басқарды. Қытай тарапынан Қытайдың Азаматтық авиация әкімшілігі бас директорының орынбасары Бай Вэньли қатысты.
Тараптар тұрақты рейстер санын көбейту және ұшу географиясын кеңейту мүмкіндіктерін қарастырды. Келіссөз қорытындысы бойынша аптасына рұқсат етілген рейстер жиілігін 150-ден 180-ге дейін арттыруға уағдаласты.